Мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Криштиану Роналду Барселонаға қарсы өткен Испания суперкубогында төрешіні итеріп жібергені үшін ұзақ мерзімді жаза алуы мүмкін деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі life.ru-ға сілтеме жасай отырып.
82 минутта Криштиану Роналду ойындағы екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылған болатын. Португалдық шабуылшы ойынға екінші таймда қосылған еді.
Кездесудің бас төрешісі Рикардо Бенгоэчеа Роналдудың алаңнан кетіп бара жатып, төрешіні итеріп жібергенін ойынның ресми хаттамасына қосып қойды.
Испания футбол федерациясының ережесі бойынша, мұндай қылығы үшін футболшы төрт ойыннан 12 ойынға дейін шеттетілуі мүмкін.
Еске сала кетейік, Испания суперкубогының бірінші ойынында «Реал» Камп Ноуда «Барселонадан» басым түскен болатын.